ТАУКЕН ҚАЛДЫҚТАРЫНА АРНАЛҒАН КЕРІ ЖЕТКІЗУ ТІЗБЕКТЕРІНДЕГІ КОНВЕРСИЯ КОЭФФИЦИЕНТІНІҢ ӨТЕЛІМДІЛІК ШЕКТІ МӘНДЕРІ

Авторлар: Ли М., Маффей А., Муханова Г.
ҒТАХА 73.01.77

Аңдатпа. Кері жеткізу тізбектері (КЖТ) таукен өнеркәсібінде ресурстарды тиімді пайдалануды арттыру және қоршаған ортаға түсетін теріс әсерді азайту тетігі ретінде барған сайын кеңінен қарастырылуда. Алайда Қазақстан сияқты дамушы экономикаларда таукен қалдықтарын қайта өңдеудің экономикалық орындылығы ұзақ тасымалдау қашықтықтары, жоғары пайдалану шығындары және өңдеу инфрақұрылымының шектеулілігі салдарынан белгісіз болып отыр. Алдыңғы зерттеулер кері логистикаға негізделген оңтайландыру модельдерінің әлеуетін көрсеткенімен, конверсия коэффициенті көбінесе экономикалық орындылықтың негізгі шарты ретінде емес, берілген немесе тұрақты параметр ретінде қарастырылады. Бұл жағдай қолданыстағы модельдердің практикалық шешім қабылдау үдерісіндегі қолданылуын шектейді. Аталған мәселені шешу мақсатында бұл зерттеуде шекті (өтелімділік) талдау жүргізіліп, Қазақстанның тау-кен секторында кері жеткізу тізбектерінің экономикалық тиімділігіне қол жеткізу үшін қажетті ең төменгі конверсия коэффициенті анықталады. Кері жеткізу тізбегінің шығын құрылымына негізделе отырып, ұсынылған тәсіл әртүрлі логистикалық сценарийлер жағдайында конверсия коэффициентінің түрлі деңгейлері бойынша жүйенің рентабельділігін бағалауға мүмкіндік береді. Талдау тасымалдау, өңдеу және тұрақты пайдалану шығындарын қамтитын жиынтық шығын факторлары мен конверсия коэффициенті арасындағы өзара байланысты зерттеуге бағытталған.
Зерттеу нәтижелері кері жеткізу тізбектерінің экономикалық орындылығы конверсия коэффициентіне айтарлықтай тәуелді екенін және табыстылыққа тек нақты анықталған шекті мәннен асқан жағдайда ғана қол жеткізуге болатынын көрсетеді. Аталған шектен төмен жағдайда логистикалық тиімділікті арттырудың өзі жүйенің жалпы шығындарын өтеуге жеткіліксіз. Алынған нәтижелер таукен қалдықтарын қайта өңдеуге арналған кері жеткізу тізбектерін жоспарлаудың бастапқы кезеңдерінде конверсия коэффициентінің басым стратегиялық параметр ретіндегі маңыздылығын айқындайды. Конверсия коэффициентінің шекті мәндерін нақты анықтау мемлекеттік органдар мен өнеркәсіп өкілдері үшін практикалық шешім қабылдауды қолдайтын құрал ұсынады. Зерттеу нәтижелері экономикалық тұрғыдан негізделген кері жеткізу тізбегі стратегияларын дамытуға үлес қосып, Қазақстанның таукен өнеркәсібінде тұрақты және циркулярлық тәжірибелерге көшуге ықпал етеді.

Түйін сөздер: кері жеткізу тізбегі, конверсия коэффициенті, өтелімділік талдау, таукен қалдықтарын қайта өңдеу, экономикалық орындылық.