ЫҚШАМДЫ АДАПТИВТІ ТІСТІ ДОҢҒАЛАҚ ВАРИАТОРЫНЫҢ МОДЕЛІН ӘЗІРЛЕУ

Авторлар: Әбутәліп Б.Е.,Иванов К.С.
ҒТАХА 53.59.29

Аңдатпа. Бұл мақалада ғарыштық техника мен жоғары технологиялық жүйелерде қолдануға арналған ықшамды адаптивті тісті доңғалақ вариаторының моделі ұсынылады. Ғарыштық аппараттардың массасын азайту, тиімділігін арттыру және сенімділігін қамтамасыз ету қазіргі заманғы техника мен ғылымдағы өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Осыған байланысты, тісті доңғалақ вариаторлары, әсіресе адаптивті түрлері, қозғалысты тиімді басқару және жүйеге бейімделу қасиеттері арқылы ерекше қызығушылық тудырып отыр. Мақалада адаптивті беріліс механизмі негізіндегі жетілдірілген тісті доңғалақ вариаторының құрылымдық ерекшеліктері сипатталып, оның жұмыс принципі SolidWorks бағдарламасы арқылы әзірленген 3D модель және анимация көмегімен визуализацияланды. Жетек кіріс пен шығыс арасындағы беріліс коэффициентін автоматты түрде бейімдей отырып, жүктемеге қарай қозғалыс параметрлерін өзгертуге мүмкіндік береді. Бұл қасиет оны орбиталық аппараттарда, күн панельдерін бағыттауда, маневрлік қозғалыс жүйелерінде және басқа да күрделі жүйелерде тиімді қолдануға жол ашады. Зерттеу нәтижесінде алынған модель құрылымының ықшамдығы, энергия үнемділігі және жоғары сенімділігі мақалада баяндалған аналитикалық және сандық есептермен расталды. Сонымен қатар, зерттеу жұмысы бейімделгіш механизмдер теориясына негізделе отырып, олардың ғарыштық техникада қолданылу мүмкіндіктерін кеңейтеді. Ұсынылып отырған жетілдірілген модель инженерлік жүйелерді жобалаудағы инновациялық шешімдердің біріне айналуы мүмкін. Мақаланың мақсаты ғарыштық салада қарапайым және ықшамды вариатор моделін жасау болып табылады.

Түйін сөздер: адаптивті тісті доңғалақ, вариатор, кинематикалық тізбек, SolidWorks моделі, ғарыштық техника, ықшамды жетектер, энергия тиімділігі, автоматты басқару, беріліс коэффициенті.