Аңдатпа. Бұл мақала қазақстандық әуе компаниялары жаңа халықаралық рейстерді ашу кезінде авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған ұйымдастыру шараларын зерттеуге арналған. Қазақстан Республикасының әуе тасымалы желісінің қарқынды кеңеюі жаңа бағыттарды іске қосу кезінде геосаяси ерекшеліктермен, терроризм қатерлерімен және жолаушыларды тасымалдауға қойылатын күшейтілген талаптармен байланысты қауіптердің туындауына алып келеді. Мұндай жағдайда алдын ала талдау жүргізу және халықаралық стандарттарға сәйкес бейімделген шараларды қабылдау аса маңызды.
Зерттеудің мақсаты — авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған ұйымдастырушылық шараларды айқындау, жүйелеу және ғылыми тұрғыдан негіздеу, сондай-ақ олардың тиімділігін Қазақстанның Air Astana және SCAT Airlines әуе компаниялары рейстері мысалында бағалау. Әдістемелік негізіне ICAO, EASA, IATA құжаттарын және Қазақстан Республикасының ұлттық нормативтік актілерін талдау (Азаматтық авиация комитеті), сондай-ақ тәуекелдерді сапалық және сандық бағалау әдістері енді; ықтимал қауіптің жүзеге асу ықтималдығы (P) мен салдарының ауырлығын (C) бағалау үшін R = P × C формуласы қолданылды. Нәтижелер көрсеткендей, ең тиімді шаралар жолаушылар ағынын кешенді бақылау (93%) және маршруттарды жүйелі тәуекелдік талдау (90%) болып табылады; бұлар күшейтілген алдын ала тексерумен, персоналды бейімделген даярлаумен және құзырлы органдармен үйлестірумен өзара байланыста іске асады. Салыстырмалы талдау Air Astana және SCAT Airlines бағыттарында қолданылған тәсілдердің халықаралық тәжірибеге сәйкестігін және маршрут ерекшеліктеріне икемді бейімделгенін көрсетті. Зерттеудің ғылыми жаңалығы — жаңа бағыттарда қауіпсіздікті ұйымдастырудың интеграцияланған, тәуекелге негізделген моделін ұсынуда. Тәжірибелік маңызы — ұсыныстарды әуе компаниялары мен уәкілетті органдардың рейстерді жоспарлау, қауіптерді азайту және халықаралық талаптарға сәйкестікті арттыру үдерістерінде қолдану мүмкіндігі.
Түйін сөздер: авиациялық қауіпсіздік, жаңа бағыттар, Қазақстанның авиакомпаниялары, тексеру, қауіп-қатерлер, қауіпсіздік шаралары.