ӘУЕ ТАСЫМАЛДАРЫН ҰЙЫМДАСТЫРУДАҒЫ «ЖАСЫЛ» ЛОГИСТИКА ЭКОНОМИКАСЫ

Авторлар: Калиева Г.К., Алтаева Г.О., Конакбай З.Е., Альчимбаева А.С.
ҒТАХА 73.37.75

Аңдатпа. Зерттеудің мақсаты – авиациядағы жасыл логистика жобаларының экономикалық, экологиялық және операциялық нәтижелілігін кешенді бағалаудың қайта жаңғыртылатын тәсілін әзірлеу және оның Қазақстан контексінде қарастырылған иллюстрациялық сценарийде қолданылуын көрсету. Зерттеудің ақпараттық базасын Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA), Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO), Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросының және Қазақстанның Авиациялық әкімшілігінің ресми құжаттары, нормативтік құқықтық актілер мен рецензияланатын ғылыми жарияланымдар құрады. Әдістеме таза келтірілген құнды (Net Present Value, NPV) есептеуді, парниктік газдар шығарындыларының өмірлік цикл бойынша қысқаруын бағалауды, операциялық нәтижені өлшеуді, жекелеген көрсеткіштерді нысаналы қалыпқа келтіруді және оларды белгіленген салмақтар бойынша біріктіруді қамтиды. Мониторинг жүргізу үшін тиімділіктің сегіз негізгі көрсеткішінен (Key Performance Indicators, KPI) тұратын жүйе ұсынылды. Олардың ішінен демонстрациялық интегралдық индексте үш жиынтық нәтиже: экономикалық, экологиялық және операциялық нәтижелер пайдаланылады. Шартты әуетасымалдаушыға арналған сценарийлік есептеуде отынның 2%-дық үнемі, тұрақты авиациялық отынның (Sustainable Aviation Fuel, SAF) 5%-дық үлесі және SAF-тың өмірлік циклі бойынша шығарындыларды 65%-ға қысқарту туралы сценарийлік болжам жағдайында шығарындылардың азаюы 5,19%-ды, NPV 3,24 млн АҚШ долларын, ал ұшу-жерүсті циклі орташа ұзақтығының қысқаруы 6,67%-ды құрады. Салмақтар тең болған жағдайда интегралдық индекс 0,740-қа тең болды. Қарастырылған төрт салмақ жүйесінде индекс мәні 0,713–0,778 аралығында өзгерді. NPV-дің SAF бағалық үстемеақысына сезімталдығын талдау өзге параметрлер өзгеріссіз қалған жағдайда залалсыздық шегінің шамамен 483 АҚШ долл./т деңгейінде екенін көрсетті. Зерттеудің ғылыми жаңалығы құрама индикаторлар әдіснамасын жасыл авиациялық логистика жобаларын алдын ала іріктеу міндетіне салалық бейімдеуден тұрады. Зерттеудің шектеуі есептік деректердің корпоративтік емес, сценарийлік сипатымен байланысты; енгізудің нақты тиімділігін бағалау үшін ұсынылған тәсілді нақты авиакомпанияның немесе әуежайдың верификацияланған деректері негізінде кейіннен сынақтан өткізу қажет.

Түйін сөздер: жасыл логистика, авиациялық тасымалдар, экономикалық тиімділік, тұрақты авиациялық отын, SAF, тиімділіктің негізгі көрсеткіштері, KPI, таза келтірілген құн, NPV, парниктік газдар шығарындылары, CORSIA, декарбонизация.