Аңдатпа. Әлеуметтік желілер күрделі социо-цифрлық экожүйеге айналып, дезинформация, фишинг және пайдаланушылардың эмоциялық күйіне манипуляциялық ықпал сияқты қатерлермен ұштасуда. Өзектілік жасанды интеллект (ЖИ) пен ауқымды автоматтандыру әсерінен цифрлық тәуекелдердің үдеуімен негізделеді. Зерттеу пәні – әлеуметтік желілерде пайдаланушыны қорғауға арналған когнитивтік архитектура; мақсаты – қабылдау, интерпретация, жад, шешім қабылдау және этикалық сүзгі модульдерін біріктіретін үлгіні теориялық-тәжірибелік тұрғыда негіздеу. Міндеттер: (I) мінез-құлықтық талдау, аффективті есептеу және түсіндірілетін жасанды интеллектке қатысты тәсілдерді шолу; (II) мультимодальды деректерді өңдейтін архитектуралық қаңқа құру; (III) компоненттердің рөлдері мен байланыстарын, әсіресе пайдаланушымен өзара әрекеттесу мен ашықтық механизмдерін анықтау; (IV) түсіндірілетін жасанды интеллект (XAI), назар механизмдері және эмоциялық-семантикалық талдауды кіріктіру арқылы жаңалықты көрсету. Әдістер: иерархиялық өңдеу; интегралды қатер индексі T=α·E+β·B+γ·S+δ·C; Байес сенімін жаңарту; онтологиялық пайымдау; этикалық шектеулі softmax функциясы; кері байланысқа негізделген бейімделу; федеративті оқыту және дифференциалды құпиялық. Негізгі нәтижелер: архитектураның тұтастығы мен жүзеге асырымдылығы көрсетілді; қатер деңгейлерін бейімделген жауаптармен салыстыру картасы ұсынылды; XAI интерфейстері бүкіл цикл бойына енгізілген; жалпы деректерді қорғау регламенті (GDPR) және ЕО-ның жасанды интеллект туралы заңы (EU AI Act) талаптарының сақталуы расталған. Архитектура жабық когнитивтік цикл қағидасымен жұмыс істейді: сенсорлық жинақтау, перцептивтік талдау, эмоциялық-семантикалық аннотация, когнитивтік интерпретация, онтологиялық және әлеуметтік пайымдау, этикалық сүзгі, түсіндірме және кері байланыс. Қорытынды: когнитивтік тереңдік, интерпретацияланғыштық және құпиялық сенімділік пен дербестендіруді арттырады; болашақта мультитілді бейімдеу, нейросимволдық интеграция және human-in-the-loop оқыту бағытында кеңейту ұсынылады. Бағалау өлшемшарттары дәлдік, жалған ескертулер, пайдаланушы сенімі, есептеу шығыны және комплаенспен сипатталды; сенім моделінде репутация, қауымдастық растауы және тарихи сенімділік салмақталады, нәтижелер бейімделген әрекетпен ұштасады. Қолданбалы сценарийлер фишинг пен манипулятивті контентті қамтиды.
Түйін сөздер: когнитивтік қауіпсіздік архитектурасы, мультимодальды қабылдау, аффективті есептеу, түсіндірілетін жасанды интеллект, қатер онтологиясы, этикалық шешім қабылдау, федеративті оқыту.