Аңдатпа. Мақалада желдің күшті жүктемелерінен қорғау үшін жел генераторының роторын автоматты түрде түсіру жүйесін әзірлеудің жалпы тұжырымдамасы берілген. Жел турбинасының жұмысын автоматтандыру және оңтайландыру саласындағы заманауи зерттеулер айтарлықтай прогресті көрсетеді. Мақалада турбинаның тиімділігі мен тұрақтылығын жақсарту үшін адаптивті және болжамды басқару әдістерінің маңыздылығы және іске асыру мәселелері бойынша бірталай ғалымдардың еңбектеріне шолу жасалған. Аталған жетістіктер жел қондырғыларының тиімділігі мен сенімділігін арттыру үшін, оларды енгізу үшін айтарлықтай теориялық және тәжірибелік күш-жігерді қажет ететініне қарамастан, озық технологияларды енгізудің маңыздылығын көрсетеді. Сондай-ақ, қатты жел жүктемелерінде жел қондырғыларын түсіруге арналған сызықтық жетекті басқару жүйесін жасау үшін әртүрлі компоненттер зерттелді және талданды.Негізгі назар анемометр, PID-реттегіші, жиілік түрлендіргіші және сызықтық жетек сияқты жүйенің негізгі құрамдас бөліктерінің сипаттамасына, сондай-ақ олардың математикалық модель шеңберіндегі өзара әрекеттестігіне аударылады. Қатты жел жағдайында жел генераторының роторын төмендету үшін PID-реттегішін қолданатын автоматты басқару жүйесінің сұлбасына талдау жасалады. Басқару жүйесін оңтайлы параметрлерге келтіру үшін жел жылдамдығының критикалық мәні энергетикалық әдіс арқылы есептелінеді. Желдің критикалық жылдамдығының есебі бойынша қорғаныс жүйесі іске қосылады. Басқару жүйесінің барлық компоненттерді тұйықталған басқару контуры бар бір жүйеге біріктіру, жел генераторының тұрақты және сенімді жұмысын қамтамасыз етеді, зақымдану қаупін азайтады және өнімділікті оңтайландырады. Ұсынылған тұжырымдама жел генераторларының сенімділігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған толық шешімдерді одан әрі зерттеу және әзірлеу үшін негіз болады.
Түйін сөздер: PID-реттегіш, анемометр, жиілік түрлендіргіші, сызықтық жетек, жел генераторлары.