Аңдатпа. Ақпараттық технология мен ғылымның өте жылдам қарқынмен дамуына
байланысты адамның білімі мен іскерлігіне де жоғары талаптар қойылуда. Соның ішінде
тұлғаның қалың көпшілікпен, жеке тұлғамен дұрыс қарым-қатынас орната алуы да бүгінгі
күннің алдыңғы қатарлы меңгеруге тиіс дағдыларының бірі болып отыр. Жасыратыны жоқ,
бүгінгі күні тіл тазалығына, сөздердің арқалайтын мән-мағынасына, әдеби тілдік нормаларға
мән берілмейтін коммуникация жасау қалыпты жағдай болып барады. Сол себепті де бүгінгі
білім беру үдерісінде оқушыға айтылым дағдысын дұрыс меңгерте білу талабы туындап отыр.
Тіл сабақтарын оқытуда айтылым әрекетінің қарым-қатынас орнатуда дұрыс орындалуы
маңызды. Әдістемелік еңбектерде «сөйлеу» деп қарастырылып жүрген терминді «айтылым»
деп, сөйлеуден ара жігін ажыратып, өз алдына жеке қарастырудың өзіндік ерекшеліктері мен
құрылымы қалыптасып келеді. Айтылымды оқыту мен оның әдіс-тәсілдері турасында
шетелдік және отандық әдіскерлер арасында сан түрлі тұжырымдар мен пікірлер айтылып,
әдістемелік оқу құралдары мен зерттеу жұмыстары жарық көрді. Айтылым белгілі бір
коммуникативтік мақсатты арқалай отырып сөйлеу процесі арқылы жүзеге асырылады.
Айтылым әрекетін сабақта ұйымдастыру арқылы оқушының ойы мен өзіндік тұжырымдарын
дұрыс жеткізе алуға дағдыландырамыз. Дағды өз кезегінде күнделікті сабақта үздіксіз
қайталанатын, соның негізінде автоматты түрде жасауға дейін жеткізілген үдеріс. Сондықтан
да қазіргі білім беру парадигмасы оқушы бойында дұрыс білім-іскерлік дағдылардың
жиынтығын қалыптастыруды мақсат етіп қойып отыр. Мақалада айтылым әрекеті мен оны
меңгертудің әдіс-тәсілдері, 4К моделі тұжырымдамасына негізделген нақты тапсырмалар
үлгісі арқылы оқушыға меңгерту жолдары ұсынылады.
Түйін сөздер: айтылым әрекеті, 4К моделі, сыни ойлау, қарым-қатынас, ынтымақтастық, тілдік комбинациялар, оқыту әдістері, таным.