Аңдатпа. Зерттеудің мақсаты — деректер сапасының әсерін және оған ықпал ететін факторларды зерделеу, сондай-ақ нейрондық желі немесе жасанды интеллектіні оқыту функциясының аргументтері арасындағы логикалық әрі математикалық байланыстарды формализациялау арқылы олардың ұшу қауіпсіздігімен өзара тәуелділігін көрсету. Мақсатқа жету үшін келесі міндеттер қарастырылды. Біріншіден, жасанды интеллекттің ұшуға дейінгі тексеру, әуе кемесін жөндеу және техникалық қызмет көрсету үдерістерінде қолданылуының қазіргі жағдайына талдау жасалды. Бұл нейрондық желілер мен жасанды интеллекттің технологиялық интеграция деңгейін айқындау үшін қажет. Екіншіден, жиналған деректер негізінде жасанды интеллектіні оқытуға арналған өзекті платформалар анықталды. Бұл оқыту нәтижесіне әсер ететін қосымша техникалық аргументтерді белгілеуге жағдай жасайды. Үшіншіден, негізгі факторлар мен нәтиже арасындағы логика-математикалық байланыстар формализацияланды. Қосымша әсер етуші факторлар да анықталып, құрылымдық түрде сипатталды. Формалды жазу тәсілі ұшу қауіпсіздігіне ықтимал тәуекелдерді бақылауға арналған тізбекті байланыс желісін құруға негіз болады.
Зерттеуде келесі әдістер пайдаланылды. Бақылау — автоматтандырылған оптикалық ақау анықтау технологияларының қолданылу хронологиясы бойынша жиналған ақпаратқа қолданылды. Декомпозиция — кешенді технологиядан ақауларды анықтайтын компьютерлік бағдарламаның функционалдық бөлігін бөліп шығаруға мүмкіндік жасады. Салыстырмалы талдау — әртүрлі нейрондық желілер мен оларды қолдайтын техникалық жүйелердің артықшылықтары мен әлсіз тұстарын айқындады. Математикалық талдау — кешенді функция аргументтерінің әсерін сипаттайтын формулаларды құрылымдауға, сондай-ақ функцияның аддитивті және мультипликативті қасиеттерін бағалауға қолданылды. Диверсиялық және функционалдық талдаулар — факторлар арасындағы өзара байланыстар мен олардың соңғы — ұшу қауіпсіздігінің интегралдық көрсеткішіне ықпалын анықтауға бағытталды.
Нәтижесінде нейрондық желі мен жасанды интеллект аргументтерінен бастап ұшу қауіпсіздігінің кешенді көрсеткішіне дейінгі функционалды-тізбекті байланыстарды сипаттайтын логика-математикалық өрнектер ұсынылды.
Түйін сөздер: жасанды интеллект, нейрондық желілер, ұшу алдындағы тексеру, жасанды интеллект модельдері, салыстырмалы талдау, ұшу қауіпсіздігі.