ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДА ӘР АЗАМАТ ҮШІН ТЕҢ МҮМКІНДІКТЕР
(Мемлекет басшысы Қ.Қ. Тоқаевтың 01.09.2022 жылғы Қазақстан халқына Жолдауы бойынша)

Авторлар: Акбаева А.Н., Акбаева Л.Н.
ӘОЖ 342.4

Аңдатпа. Мақалада 2022 жылдың 1 қыркүйегінде өткен Мемлекет басшысы Тоқаевтың Қазақстан халқына «Әділ мемлекет. Біріккен ұлт. Өркендеген қоғам» атты Жолдауында көрсетілген қазақ қоғамының үйлесімді дамуының үш факторы қарастырылады. Оларға – ұлт денсаулығын қамтамасыз ету, білім беру жүйесінің деңгейін көтеру және әлеуметтік саланы реформалау салалары жатады. Жолдауда белгіленген стратегиялық бағдарларды жүзеге асырудың критерийі – адамдар. Демек, ұлттық байлықты әділ бөліп, әрбір азаматқа тең мүмкіндік беру – алдағы реформалардың басты мақсаты. Жолдауда медицинаны реформалау бағыттарының ішінде, ең алдымен, саланың жеткіліксіз қаржыландыруы көрсетілген, осыған байланысты денсаулық сақтау саласын қаржыландыру тәсілдерін қайта қарау және медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жетілдіру жоспарланып отыр. Білім беру жүйесін реформалауға келетін болсақ, Жолдауда мектепке дейінгі білім беруден бастап жоғары оқу орындарына дейінгі білім берудің барлық деңгейлері қамтылған. Бұл жерде ұстаздар мен тәрбиешілердің еңбекақысы мен әлеуметтік жағдайын көтеруге басымдық беріледі. Жоғарғы білім саласындағы реформаларға қатысты Жолдауда жоғарғы оқу орындарындағы білім сапасы мен білім беру құнының сәйкестігіне қол жеткізу міндеті қойылған.
Елдегі әлеуметтік мәселелерді шешу – Жолдаудың іргетасы. Сондықтан ең төменгі жалақыны анықтаудың жаңа әдістемесін енгізу, зейнетақы реформасын жүзеге асыру, атаулы әлеуметтік көмектің бірыңғай жүйесін енгізу, жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешу ұсынылады.

Түйін сөздер: Мемлекет басшысының Жолдауы, ұлт денсаулығы, білім беру жүйесінің деңгейін көтеру, әлеуметтік саланы реформалау, медицинаны жеткіліксіз қаржыландыру, білім сапасы, жалақыны көтеру, зейнетақы реформасы.